kdixon1_Irfan Khan  Los Angeles Times via Getty Images_solar power Irfan Khan/Los Angeles Times via Getty Images

Декарбонизацияның жол картасы

ЛОНДОН – Біздің климаттық мәселеміз энергиямен тығыз байланысты. Ал энергетикалық мәселені шешу үшін энергия өндірісінен де үлкен іс-қимылдар керек.

Күн мен жел энергетика жүйесінде революция жасады. Бірақ қазір бұл сала біз тұтынатын энергияның тек 20% ғана қамтамасыз етіп отырғанын ескерсек, жасыл энергия көздерінің үлесін арттыру арқылы атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының мөлшерін нөлге теңестіру деген мақсатымызға ғасырдың ортасына дейін жете алмаймыз. Жаңғыртылатын энергия көздерінен кең көлемде жасыл сутегін өндіру де тиімді шешім бола алмайды. Кеме, ұшақ және поезд сияқты қатынас құралдары таза энергия түрін пайдалануға бейімделмеген, экономикалық ынталандыру шаралары да дұрыс бағытта жүріп жатқан жоқ.

Энергетика мәселесін «энергияға сұраныс» мәселесі деп атауға да болады. Климаттың өзгеруі саласындағы ұжымдық мақсаттарымызға жету үшін ғаламдық энергия сұранысына әсер ететін энергетика, көлік, өндіріс, болат және химиялық заттар секторына жедел әрі терең өзгерістер керек. Бұл өзгерістер энергетика инфрақұрылымын толықтай өзгертеді. Осы тұста негізгі басымдыққа ие болатын үш мәселені атап өткен жөн.

Біріншіден, бізге инновациялар қарқынын арттыру керек. Халықаралық энергетика агенттігінің жақында жариялаған зерттеуіне сәйкес, 2050 жылға қарай атмосфераға бөлінетін парниктік газдар мөлшерін нөлге жеткізуге әзірге нарықта жоқ технологиялар көмектесуі мүмкін.

Күн панельдері, жел генераторлары, электромобильдер, жарық диодты және литий-ионды батареялар сияқты экологиялық таза технологиялар алдағы онжылдықта қалдық көлемі нөлге тең әлем құру мүмкіндігін жақындата түсті. Бірақ бізге әлі де экологиялық ахуалды жақсартуға көмектесетін басқа технологияларды (олардың бірқатары әлі зертханаларда дайындалып жатыр) жетілдіруде үлкен жетістіктер керек. Бұл әсіресе, қоршаған ортаға көп қалдық шығаратын, технологиялық шешімдер бойынша артта қалып келе жатқан болат, цемент, химиялық заттар өндірісі, кеме, ұшақ өнеркәсібі сияқты салалар үшін өзекті.

Екінші басымдық - мемлекет пен өнеркәсіп арасындағы тығыз әріптестік. Жеке сектор жаңа өзгерістердің қозғаушы күші болудан алдына жан салмайды. Өнертапқыштар, кәсіпкерлер мен инвесторлардың басым көпшілігі жеке секторда шоғырланған. Сондықтан әлем жасыл технологияларды мейлінше тез қолданысқа енгізгісі келсе, жеке секторда жүрген тұлғалардың үлесі шешуші рөлге ие болады.

Subscribe to PS Digital
PS_Digital_1333x1000_Intro-Offer1

Subscribe to PS Digital

Access every new PS commentary, our entire On Point suite of subscriber-exclusive content – including Longer Reads, Insider Interviews, Big Picture/Big Question, and Say More – and the full PS archive.

Subscribe Now

Ал мемлекет кәсіпкерліктің әлеуеті мен қуатын ашады. Нарық өздігінен ғаламдық энергетикалық жүйенің жедел трансформациясына әсер ете алмайды. Көп жағдайда кәсіпорындарға парниктік газдар көлемін азайтуға арналған технологияларды дамыту үшін мықты мемлекеттік саясат керек. Үкімет бизнестің жаңа технологияларға қатысты инновацияларын қолдап, оларды дамытуға нарық ұсынып, кейін сәтті шыққан өнертабысты әртүрлі салаға таратуға қажетті тиімді саясат қалыптастырумен айналысады.

Үшіншіден, бізге халықаралық үйлестіру ісін жақсарту қажет. Ұлттық іс-қимылдарға негізделген ғаламдық жүйеде энергия тұтынатын көп салаға қажетті жүйелі өзгерістерді ұйымдастыру маңызды мәселе саналады. Үкімет ішкі өндірушілерге шығын келтірместен, нақты саясат жүргізе алатын кей салада (мысалы, электр энергиясын өндіру) ұлттық әдістер қолдану тиімді болуы мүмкін. Бірақ қатаң ұлттық саясат халықаралық нарыққа тауар шығаратын, қиын басқарылатын салаларда нәтиже бермейді. Бұл үшін жаңа технологияларды жедел енгізуге мүмкіндік беретін трансшекаралық бірлескен іс-қимыл керек.

Бұл салаларда көпжақты институттар маңызды рөл атқарады. Халықаралық энергия агенттігі экологиялық таза энергия түріне өтуге көмектесетін негізгі технологиялар бойынша әріптестікті жеңілдетеді. Бұған 55 елдегі 300 мемлекеттік және жекеменшік ұйымға мүше 6 мың сарапшы қатысады. Сарапшылардың көбі Халықаралық энергия агенттігіне мүше Қытай, Үндістан, Бразилия сияқты елдерден келген. Атмосфераға бөлінетін қалдықтарды нөлге дейін қысқарту туралы ұсынысты қолдаушылар көбейіп келе жатқанын ескеріп, біз бұл бағытта көбірек әрекет етуіміз керек.

Биыл Халықаралық энергия агенттігі 2050 жылға дейінгі экологиялық мақсатқа қол жеткізу үшін трансформациядан өтуі керек энергетика, көлік, өнеркәсіп пен құрылыс сияқты салаларды қамтитын ғаламдық энергетика секторының жол картасын таныстыруды жоспарлап отыр. Әр сала бойынша қандай көрсеткіштерге қол жеткізу керегі белгілі болса, үкімет пен бизнес өкілдері прогресті бағалап, қай бағыттардың назардан тыс қалып отырғанын түсінуге мүмкіндік алады.

Келесі қадам - осы жоспарды жүзеге асыру. Осы себептен халықаралық энергетика агенттігі жақында ауыр өнеркәсіп пен көлік саласындағы декарбонизация процесін жеделдетуді көздейтін 400 компанияның Mission Possible деп аталатын қауымдастығымен стратегиялық әріптестік орнатты. Біздің  қолдауымыз халықаралық энергетика агенттігінің жеке сектор мен ірі экономикалардың үкіметтерін біріктіруде үйлестіруші болуға бет бұрғанын көрсетеді. Мұндай саясат инновация, әріптестік пен батыл саясатқа назар аудару арқылы әлемге климаттың өзгеруі мәселесін шешуге көмектесуі мүмкін.

https://prosyn.org/uLSPIvPkk