macron2

Әлемді бұрынғы қалпына қайтару жолындағы көпжақты әріптестік

ПАРИЖ – 2000 жылы қыркүйекте әлемнің 189 мемлекеті жаңа дәуірде ортақ мақсаттарға жету жолындағы халықаралық әріптестік принциптері қамтылған “Мыңжылдық декларациясына” қол қойды. Біз «қырғи-қабақ» соғысты бастан өткергеннен кейін аштық, кедейлік, қоршаған орта жағдайының нашарлауы, індет, экономикалық қиындықтар мен кикілжіңдердің алдын-алу сияқты мәселелерді шешуге қабілетті көпжақты тәртіп орнатуға шамамыз жетеді деп сендік. 2015 жылы қыркүйекте әлем мемлекеттері ғаламдық мәселелерді бірлесіп шешуге дайын екенін тағы да растады: бұл жолы күн тәртібінде БҰҰ-ның 2030 жылға дейін тұрақты даму жөніндегі бағдарламасы болды.

Біздің әлем ғаламдық әл-ауқат артқан сайын теңсіздік де күшейетін қарама-қайшы трендтерді басынан өткерді. Национализм мен протекционизмнің жандануымен бірге демократияның да шекарасы кеңейді. Кейінгі онжылдықта болған екі дағдарыс қоғамды қиратып, бәрімізге ортақ саяси шекараларды әлсіретіп, қиындықтарға қарсы күресу, мәселенің түпкі себебін жойып, болашақ ұрпаққа жарқын келешек қалыптастыру қабілетіне деген күмәнді күшейтті. Бұл дағдарыстар сондай-ақ біздің бір-бірімізге қаншалықты тәуелді екенімізді көрсетті.

Салмақты дағдарыстар болашақты анықтайтын табанды мақсаттар қоюды талап етеді. Бұл тиімді әріптестік, ынтымақтастық пен бірлесіп әрекет ету арқылы көп жақты қарым-қатынастар мен заң үстемдігіне негізделген халықаралық тәртіп туралы келісімді қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді деп сенеміз. Сондықтан қазір кездескен және болашақта болуы мүмкін ғаламдық мәселелерді шешу үшін БҰҰ, өңірлік ұйымдар, G7 және G20 сияқты диалог алаңдары және арнаулы коалициялармен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.

Кезек күттірмейтін  мәселенің бірі – денсаулық. COVID-19 дағдарысы  ұрпақтар арасындағы ғаламдық ынтымақтастық үшін ең үлкен сынақ болды. Бұл сынақ пандемия кезіндегі денсаулық қауіпсіздігінің беріктігі ең әлсіз денсаулық сақтау жүйесімен бір деңгейде екенін түсіндірді. COVID-19 барлық елдегі адамдар мен экономикаға қауіп төндірді.

Пандемия иммунизацияны бәріне бірдей қолжетімді болуы керек қоғамдық игілік деп танып, тестілер, екпелер мен емдеу шараларын тез таратуға көмектесетін халықаралық бірлескен іс-қимыл жүргізуді талап етіп отыр. Бұл тұрғыдан алғанда біз сәуір айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен G20 серіктестері іске қосқан  Access to COVID-19 Tools (ACT) Accelerator ғаламдық платформасын толықтай қолдаймыз.

ACT-Accelerator өз миссиясын орындауы үшін оған саяси және қаржылық қолдау керек. Біз сондай-ақ серіктестер арасында еркін дерек алмасуға және интеллектуалды меншікті ерікті түрде лицензиядан өткізуге көмектесе аламыз. Қазіргі пандемиядан сабақ алып, болашақ індеттерге дайын болу үшін бізге дағдарысқа қарсы шараларымыздың тиімділігін анықтайтын ұзақмерзімді тәуелсіз әрі жалпылама бағалау керек. Бұл процесте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы негізгі рөлге ие.

Subscribe to PS Digital
PS_Digital_1333x1000_Intro-Offer1

Subscribe to PS Digital

Access every new PS commentary, our entire On Point suite of subscriber-exclusive content – including Longer Reads, Insider Interviews, Big Picture/Big Question, and Say More – and the full PS archive.

Subscribe Now

Төтенше жағдайдың экологияға да әсері бар. БҰҰ-ның қарашада Глазгода өтетін климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясына (COP26) дейін экономикамыздың тұрақтылығын арттырып, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылды күшейтуіміз керек. 2021 жылдың басында әлемдегі парниктік газ қалдықтарының 65% шығаратын елдер көмірқышқыл газы бойынша бейтараптылық міндеттемесін мойнына алады деп күтіліп отыр. Барлық ел үкіметі, кәсіпорындар, қалалар мен қаржылық мекемелер Париж келісіміне сәйкес, атмосферадағы CO2 көлемін нөлге дейін төмендету жөніндегі ғаламдық коалицияға қосылып, нақты жоспарлар мен саясатқа көшуі керек.

Пандемия Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болған ең үлкен дағдарысқа себеп болды. Қазір әлемдік экономиканы мықты әрі тұрақты қалпына қайтаруға басты назар аударылып отыр. Шын мәнінде пандемия  кедейлік пен гендерлік теңсіздікке қарсы жиырма жылға созылған күрес кезінде қол жеткен жетістіктерді жоққа шығаруы мүмкін. Теңсіздік әлеуметтік бірлікке нұқсан келтіріп, демократияға қауіп төндіреді.

Жаһандану мен халықаралық әріптестік сөзсіз миллиардтаған адамға кедейліктен құтылуға көмектесті, бірақ әлем халқының жартысына жуығы әлі де қиын жағдайда өмір сүріп жатыр. Көп елде кедейлер мен байлар арасындағы алшақтық тұрақсыз, әйелдер әлі де тең мүмкіндіктерге қол жеткізбеген. Адамдардың көбі жаһанданудан пайда барына көз жеткізгісі келеді.

Экономикамызға 1945 жылдан бері болған ең қиын рецессияны еңсеруге көмектесу арқылы ережелерге негізделген, инклюзивті, тұрақты өсімнің қозғаушы күші саналатын еркін саудаға басымдық беруді жалғастырамыз. Сондықтан Дүниежүзілік сауда ұйымын нығайтып, экономиканы қалпына келтіру үшін халықаралық сауда әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Сонымен қатар инновацияларға қолайлы жағдай қалыптастыра отырып, экономикалық модельдің қақ ортасына қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау және әлеуметтік стандарттар мәселесін қойғанымыз жөн.

Біз ғаламдық жағдайдың қалпына келгенін әлемнің әрбір азаматы сезінуіне ықпал етуіміз керек. Бұл дамушы елдерге, оның ішінде Африка мемлекеттеріне G20 ұйымының Африкамен әріптестігі және қарыз бойынша қызмет көрсетуді тоқтату бастамасы аясындағы Париж клубымен бірлескен іс-қимылдар сияқты келісімдер шекарасынан шығып, қолдау көрсету керегін білдіреді. Бұл мемлекеттердің қарызын азайтуға, Халықаралық валюта қорының резерв қоры, арнаулы иелену құқығы (SDRs) сияқты халықаралық қаржылық құралдардың көмегімен олардың экономикасын тұрақты қаржыландыруға көмектесу де маңызды.

Жаңа технологиялардың дамуы прогресс пен инклюзияның үлкен активіне айналып, қоғамның, экономика мен мемлекеттің ашықтығы мен тұрақтылығына әсер етіп, пандемия кезінде адамдардың өмірін құтқарып қалды. Бірақ әлем халқының жартысына жуығы, қыздар мен әйелдердің жартысынан көбі желіден тыс қалып, технологиялардың игілігін көре алмай отыр.

Жаңа технологиялардың негізгі бөлігі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу, араздық туғызатын ақпарат тарату және салмақты қылмыстар жасауға қолданылуы мүмкін. Қазіргі бастамаларға сүйеніп, мүдделі тараптарды интернетті тиімді басқаруға тартып, деректердің қауіпсіздігіне кепілдік беретін ашық әрі еркін цифрлық орта қалыптастырған жөн. Экономиканы цифрландыру және зиянды салық бәсекесіне қарсы күрес мәселесін шешудің пайдасын бірінші кезекте халықтың назардың тыс қалған бөлігі көруі тиіс.

Денсаулық сақтау саласындағы дағдарыс миллиондаған баланың білім алуына кедергі жасады. Жалпыға бірдей білім беру туралы уәдемізде тұрып, келер ұрпаққа негізгі білім мен дағдыларды, әртүрлі мәдениетті түсініп, сөз бостандығы мен көзқарас еркіндігін қабылдауды үйретуіміз керек. Балалар мен жастар – біздің болашағымыз, сондықтан олардың білімі өте маңызды.

Аталған мәселелерді шешу үшін қолданылатын көпжақты қарым-қатынас – кезекті дипломатиялық әдіс ғана емес. Бұл халықаралық қарым-қатынас құрудың әріптестік, заң үстемдігі, ұжымдық әрекет және ортақ принциптерге негізделген ерекше әдісі. Өркениетіміз бен құндылықтарымызды бір-біріне қарсы қойғанша, өзара ерекшелігіміз бен Адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларацияда көрсетілген дүниелерді құрметтеп, инклюзивті көпжақты қарым-қатынас құруымыз қажет.

COVID-19 пандемиясынан кейінгі әлем бұрынғыдай болмайды. Бұл мәселелерді шешу үшін Париж бейбітшілік форумы сияқты әртүрлі талқылау алаңдары мен мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. Сондықтан саяси, экономикалық, діни, интеллектуалдық көшбасшыларды ғаламдық талқылауға қатысуға шақырамыз.

https://prosyn.org/VQt8RvYkk