Air pollution in China Greg Baker/Getty Images

Ауаны тазарту жөнінен Қытай АҚШ-қа қалай үлгі бола алады?

НОРТГЕМПТОН – Жыл сайын төрт миллионнан астам адам лас ауа жұтып, мезгілсіз қайтыс болады. Бір ғана Қытайдың өзінде жылына лас ауаның кесірінен көз жұматындар саны 1 миллионнан асады. Бұл сандар бізді онша таңқалдыра қоймас, себебі Пекин, Шанхай сияқты қалаларды басқан қою қара түтіннің суреттері ақпарат құралдарында жиі жарияланып тұрады. Американың лас ауасы да жұртты улап жатыр, дегенмен оған көп назар аудара бермейміз.

Массачусетс технология университетінің 2013 жылғы жасаған есебі бойынша, жыл сайын АҚШ-та 200 мыңға жуық адам (кей зерттеулерде 100 мың адам) лас ауаның кесірінен мезгілсіз қайтыс болады. Бұл – жол апаты мен қант диабетінен көз жұматындардан да көп. Осы күні Қытай ауаның ластануымен белсенді түрде күресіп жатса, АҚШ дұрыс ойластырылмаған экономикалық даму стратегиясына бола экология мәселесін екінші орынға ысырып қойды. Ал мұның адам денсаулығына зардабы ауыр болмақ.

Гарвард университетінің 1993 жылғы «Алты қала» зерттеуі жарық көргелі ғалымдар мен денсаулық сақтау саласының шенеуніктері өлім саны мен PM2.5 деп те аталатын шағын диспенсерлік бөлшектердің (диаметрі 2,5 микрон болатын ауа бөлшектері) арасында байланыстың бар екенін біледі. Адам PM2.5-ті жұтқанда шаң-тозаңның, органикалық химиялық заттардың, металдардың кішкене қатты не сұйық бөлшектері өкпеге түсіп, тіпті қан құрамына еніп кетеді. Соңғы 20 жылдағы зерттеулерге қарасақ, демікпе, бронхит, өкпе рагы, жүрек талмасы және жүрек-респираторлық ауру сияқты дерт түрлерінің туындауына PM2.5-нің қатысы бар.

Және біз PM2.5-нің көбіне қайдан шығатынын да білеміз. Оларды көбіне электр стансалары, ауыр өнеркәсіп орындары және автокөліктер бөліп шығарады. Мұнай отыны жанғанда жер бетіндегі ең кең тараған жылыжай газы - көміртектің қостотығын және толық жанбаған қатты заттар мен газдардың бөлшектерін (көбіне күкірт диоксиді мен азот оксидін) бөліп шығарады, ауада бұлардың арасында химиялық реакция жүріп, кішкентай қатты заттар түзіледі.

Ажал шақыратын ауа ластаушыны анықтаған соң АҚШ-тың Табиғатты қорғау агенттігі 1990 жылғы «Таза ауа» заңына сүйене отырып, PM2.5 деңгейін төмендететін стандарттарды енгізді. Табиғатты қорғау агенттігінің есебі бойынша, 1990-2015 жылдар аралығында ауадағы қатты бөлшектердің үлесі 37 пайызға азайған, 2010 жылы осы ережелердің арқасында 160 мың мезгілсіз өлімнің алды алынған. Қысқасын айтсақ, лас ауадан ажал құшып жатқандарың саны көп болғанымен, АҚШ биылға дейін дұрыс бағытта келе жатқан еді.

Алайда, АҚШ президенті Дональд Трамп көмірді пайдаланатын жылу-электр стансаларынан бөлінетін улы заттарды азайту ережелерін алып тастап, автокөліктердегі отын тиімділігі стандарттарын жойып, Табиғатты қорғау агенттігін тарату арқылы «бұрын-соңды болмаған дамуға» жеткіземін деп уәде берген. Ол, сондай-ақ, фрейкингке (қабаттарды судың көмегімен жару) қойылған шектеулерді алып тастап, көмір өндірісін арттыруға, Арктикада және Атлант мұхитында мұнай және газ өндірісін кеңейтуге уәде берді.

BLACK FRIDAY SALE: Subscribe for as little as $34.99
BF2024-Onsite-1333x1000

BLACK FRIDAY SALE: Subscribe for as little as $34.99

Subscribe now to gain access to insights and analyses from the world’s leading thinkers – starting at just $34.99 for your first year.

Subscribe Now

Бұл шаралар тек жерасты отыны өндірісіндегілерге ғана емес, бүкіл елге игілік әкеледі деп елестетіп көрейік. Америка Құрама Штаттары бұл үшін қандай құн төлейді? Жыл сайын қанша адам мезгілсіз ажал құшады?

Экономикалық өсім мен адам денсаулығының бірін екіншісіне жығып бермейтін басқа балама жолдар бар. Ең қызығы, мұнда бізге Қытай үлгі бола алады.

Қытайды үлгі етіп көрсету ақылға сыйымсыз болуы мүмкін. Себебі, мұнда PM2.5 деңгейі АҚШ-тағыдан әлдеқайда жоғары, оның үстіне Қытай көмір сияқты қазба отын түрлерін өте көп пайдаланады. Дегенмен, Қытай билік өкілдері бағытты кері бұрып, жерастындағы отын түрлеріне тәуелділіктен арылу үшін, таза энергия мен жасыл технологияға негізделген болашақтың экономикасын қалыптастыру жолында ғаламдық экономикада көш бастап келеді. 

Бүгінде Қытай қалпына келетін энергия көздеріне салынатын инвестиция көлемі бойынша алдыңғы орында келеді. 2015 жылы Қытай бұл салаға 103 миллиард доллар жұмсаса, АҚШ бұдан екі есе аз – 44 миллиард доллар ғана салды. Қалпына келетін энергияға қатысты жер шарындағы 8,1 миллион жұмыс орнының 3,5 миллионы Қытайда болса, тек 1 миллионға жуығы – АҚШ-та. Таза энергия табиғат үшін де, экономика үшін де қажет екенін түсінген Қытай 2020 жылға дейін қайта қалпына келетін энергия көздерін өндіруге 367 миллиард доллар жұмсауды жоспарлап отыр, осының арқасында 13 миллион жұмыс орны ашылмақ.

Қытай қайта қалпына келетін энергия көздеріне қатысты жаңалықтар мен технологияны сыртқа шығару арқылы өз шекарасынан тыс аймақты да қамтып отыр. 2016 жылы Қытай Австралия, Германия, Бразилия, Чили, Египет, Пәкістан, Вьетнам, Индонезия және басқа елдерге ондаған миллиард инвестиция салды. 

Моторлы көліктерден бөлінетін улы заттарды азайту мақсатында Қытай үкіметі электр көліктерін шығаруды басты басымдық етіп алды, жоспар бойынша 2020 жылға қарай Қытайдың жолдарында 5 миллион электр көлігі жүретін болады. Көліктер көбірек өтуі үшін сатып алушылар акциздік салықтардан босатылады (әр көлікке 6-10 мың АҚШ доллары). Бүкіл әлемде дәстүрлі көліктердің орнын электр көліктер басатынын болжаған Қытай өкіметі осы салада ішкі өнеркәсіпті дамытуға кеңінен субсидия бөліп отыр.   

Ал Трамп әкімшілігі сөніп бара жатқан, ажал әкелетін қазба отынға иек арту арқылы уақытты кері айналдыруға тырысып жатыр. Электр көліктерді жұмыс орындарын тартып алатын құбыжық етіп сипаттаған Трамп ел ішінде бұл өндірісті дамытып, көлік шығаруды, оны сатып алуды ынталандыратын (мәселен сатып алушыларға 7500 доллар салық несиесін беретін) федералдық субсидияны тоқтатуды көздеп отыр.

Жерасты ресурстарына тәуелді болып қалған Қытай экологиялық терең шұңқырға түсіп кеткен, бірақ оның басшылары бұл тереңнен шығуға бел шешіп отыр. Ал АҚШ өзіне өзі шұңқыр қазып жатыр. Жыл сайын 200 мың америкалық жасына жетпей көз жұмып жатқанда, бұл апаттың шешімін іздеуді кері ысырып, экономикалық өсімге ғана басымдық беру дұрыс емес.

https://prosyn.org/YSdCFkkkk