sierakowski75_Omar MarquesGetty Images_belarusprotest Omar Marques/Getty Images

Батыстың сенімін ұрлау

ВАРШАВА – Беларусь президенті Александр Лукашенко өз қарсыластарын жазалау үшін қаншалық алысқа бара алатынын тағы да бір рет дәлелдеді. Ол 23 мамырда Афиныдан Вильнюсқа бет алған коммерциялық жолаушылар ұшағын Беларусьтің әуе кеңістігінен ұшып бара жатқан жерінен Миг-29 жойғышының көмегімен жерге қонуға мәжбүрледі. Ондағы мақсаты – Беларусьтің әлеуметтік желіде жұмыс істейтін Nexta оппозициялық басылымының бұрынғы редакторы Роман Протасевичті ұстау. Ұшақ Минскіге қонғаннан кейін Роман тұтқынға алынды.

АҚШ пен Еуропа одағының санкциясына ұшыраған режимнің Еуроодақтың бір мемлекетінен екіншісіне ұшып бара жатқан ұшақты басып алып, тым алысқа баруына не себеп болғанын түсіну қиын емес. Nexta – Лукашенконың нөмірі бірінші қоғамдық жауы.  Nexta – әртүрлі әлеуметтік желіде миллиондаған оқырманы бар (әсіресе, Telegram желісінде) жаңалықтар порталы ғана емес. Былтыр тамызда Беларусьте әділетсіз өткен президент сайлауынан кейін Nexta елдегі оқиғалар туралы ақпарат тарататын жалғыз каналға айналды.

Басылым Беларусь қауіпсіздік қызметі өкілдерінің бейбіт демонстранттарға қарсы күш қолданғаны туралы ақпараттан бөлек, Лукашенконың былтыр күзде өткен сайлаудағы әділетсіз жеңісінен кейін басталған жалпыұлттық наразылық шаралары кезінде халыққа күнделікті қайда, қашан және қалай жиналу керегі жөнінде нұсқаулық жариялап отырды. Nexta-ның еркіндік үшін ұлттық шеруге шығу туралы үндеуінен кейін Минск көшелеріне 200 мыңға жуық адам жиналды. Демонстранттар не істеу керегін жақсы білді. Олар Протасевич пен оның әріптесі, Nexta-ның негізін қалаушы Степан Путило жариялаған сценарий бойынша әрекет етті.

https://prosyn.org/xU8UrKfkk