muniz2_ValeryBrozhinskyGettyImages_digitalworld Valery Brozhinsky/Getty Images

Технологиялық қырғиқабақ соғыс таяп қалды

МАДРИД – Трамп әкімшілігінің Қытаймен сауда конфликтінің артында АҚШ ғаламдық технология жарысында үстемдігінен айырылып қалады-ау деген бітпес бір үрей тұрғандай. Және бұл тек Трамптың үрейі емес. АҚШ-тың жалпы саяси ортасы Қытайдың цифрлық салада, жасанды интеллект (ЖИ), аэронавтика және соған ұқсас басқа да салаларда үстемдік етуге бағытталған “Made in China 2025” саясатын экономикалық сын-қатер ғана емес, геосаяси қауіп деп санайды. Олар АҚШ телекоммуникация инфрақұрылымы мен интеллектуалдық меншігінен бастап, АҚШ-тың Шығыс Азиядағы әскери ұстанымына дейінгінің барлығына қатер бар деп түсінеді.

Технологияның геосаяси шиеленістерді қоздыруы көп сарапшы мен саясаткердің болжамына қайшы келеді. 2000-жылдардың ортасында-ақ кейбіреулер ғаламдық нарықтың жұмыс істеуіне географияның онша ықпалы болмайды деген еді. Жаһандану мен технология жаһанды бәсеке күшті дамыған “жазық әлемге” айналдырады, онда талант аймақтар мен елдерге теңдей тарайды, білікті жұмысшылар өндіріс процесіне шалғайдан-ақ және қажет болған жағдайда ғана қосылады.

Іс жүзінде, ХХІ ғасырда талант бұрынғыдан да ретсіз таралып отыр. Цифр және технология саласының ең білікті мамандарының көбі Кембридж, Массачусетс, Силикон алқабы және Қытайдағы Шэньчжэнь сияқты басты хабтарда шоғырланған. Неге бұлай болып жатқаны толық анық емес. Дегенмен, кей ғалымдар цифрлық таланттың бір жерге шоғырлануын саланың ішкі ерекшеліктері мен процедураларын білетін инсайдерлік ноу-хаумен, белгілі бір нақты ортада ғана құнды саналатын білікті тоғыстыратын “үнсіз білімнің” рөлімен байланыстырады.

https://prosyn.org/RxlX912kk